ШҚО-да тұңғыш рет 140 шақырымдық ат бәйгесі өтті

None
None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - ШҚО-да тұңғыш рет 140 шақырымдық ат бәйгесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ат жарысы «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында өткізілді.

Таңғы сағат 4-те 140 шақырымға арналған ат бәйгесі басталды. Қазақстанның әр аймағынан келген 106 шабандоз Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін бәйгеге түсті. Жарыстың шынайы әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылқылар GPS жүйесімен қамтамасыз етілді.

Қазақ күресінен Халықаралық федерациясының вице-президенті Батырхан Қамынханұлының айтуынша, бұл елімізде осындай қашықтықта өткізіліп отырған тұңғыш бәйге.

«Бүгін шабандоздар үшін үлкен мереке болды. Жылқылар ұзақ қашықтықта жоғары шыдамдылықтарын көрсетті»,-деді Б.Қамынханұлы.

Шабандоздар 8 сағаттан астам жол жүріп өтті. Үлкен жарыстың жеңімпазы Көкпекті ауданының тұрғыны Руслан Шаяргазин атанды.

«Бүгін үлкен жарыс болды. Жол жүру барысында қиындықтар болды. Мен мінген жүйрік қиыншылықтарға қарамастан ақтық мәреге бірінші жетті. Астымдағы тұлпарымның жағдайын ұдайы бақылап, төзімділігінің нәтижесінде жеңімпаз болдым деп ойлаймын,- деді қуанышын жасыра алмаған шабандоз.

Бұл күн қазақстандық ат спорты тарихына енері сөзсіз.

Ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков:

«Еліміздің шығысында халықаралық бәйгенің өтуі-қазақстандық ат спортында айтулы оқиға. Жарысқа арнайы дайындалған жүйріктер қатысып, марафондық шыдамдылық танытты. Бұның барлығы үлкен табанды еңбек. Алдағы уақытта бұл бәйге түрін өткізуді дәстүрге айналдырып, оның ауқымын кеңейтетін боламыз,- деді Ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков.

Сонымен қатар, аталған фестиваль аясында әр қашықтықта тай жарысы, жорға жырысы, тай бәйге және аламан бәйге өтті.

Соңғы жаңалықтар