ШҚО-да төтенше жағдай режимін бұзғандардың жазасы жеңілдетілді

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО-да төтенше жағдай режимін бұзғандардың жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16-18 қаңтар аралығында құқық бұзушылық жасағаны үшін қамауға алынған немесе айыппұл салынған азаматтарға қатысты 117 әкімшілік іс қаралды.

«16-17 қаңтарда ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) және 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша 56 іс қаралды. Соның нәтижесінде, қамауға алынған 33 адамның мерзімі қысқартылды. Айыппұл салынған 22 тұрғынның 13-іне айыппұл санкциясы «ескертуге» өзгертіліп, біреуіне айыппұл мөлшері азайтылды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ 18 қаңтар күні 61 іс қаралып, қамауға алынған 41 адамның 39-ы ертерек босатылатын болды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болмаса митингі барысында ұсталғандардың жазасын жеңілдеткен жөн екендігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар