ШҚО-да театр қойылымдары телеарнадан тікелей эфирде көрсетіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында театр қойылымдары жергілікті телеарнадан тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО драма театры 7 желтоқсаннан бастап көрермендерін қайта қуантпақ. Бұған дейін мәдениет ошағы шектеу шараларының күшеюіне байланысты өңірдегі өзге де ұйымдар секілді өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Облыстық бас мемлекеттік санитар дәрігер міндетін атқарушының 2 желтоқсандағы жаңа қаулысында театрларға бірнеше талаппен жұмысын жалғастыруға рұқсат берілді.

«Спектакльдер тек жұмыс күндері өтеді. Билет саны да шектеулі. Көрермендер шахмат тәртібімен отырғызылып, зал тек 50 пайызға толуы тиіс. Өнерсүйер қауым міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет» делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

8 желтоқсанда М.Задорновтың «Вабанк, или последняя попытка» комедиясының қойылымы, 9 желтоқсанда Ю.Тупикинаның «Ба» клоунада элементтері бар комедиясының көрсетілімі жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Драма театр көрермендермен кездесудің жаңа форматын іздестіруде.

Осы ретте театр ұжымы «ALTAI» телеарнасымен бірлесіп, телеэфирде спектакльдерді онлайн трансляциялау жобасын іске қоспақ.

Трансляция бағдарламасына Дидахмет Әшімхановтың повесі бойынша «Алас», Авксентий Цагарелидің «Хануманың әрекеттері» және Эдуардо Де Филиппоның «Елестер» қойылымдары енді.

Көрермендер алғашқы қойылымды жақын арада тамашалайды.


Соңғы жаңалықтар