ШҚО-да тауға шығатын туристердің қауіпсіздігі үшін мобильді қосымша әзірленбек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары тауға шығатын туристердің қауіпсіздігі үшін мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір құтқарушылары туристік саяхат кезіндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы алаңында онлайн форматта өткен дөңгелек үстелге туристік фирма өкілдері қатысты.

«Карантин кезінде ішкі туризм дами түсті. Ұлттық парктер мен қорықтарға келушілер саны артуда. Таулы әрі жетуі қиын маршруттар халық арасында танымал. Алайда көптеген азаматтар саяхатқа тиісті дайындықсыз барады. Құтқарушылардың ауа райының нашарлауы туралы ескертулерін елемейді және «112« қызметіне өздерінің қозғалыс бағыты туралы хабарламайды», - деді департаменттің ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.

Осының салдарынан құтқарушыларға қиындыққа тап болған туристер жайлы ақпарат өте кеш және нақты координатсыз келеді. Сөйтіп, ТЖД қызметкерлері көмекке жылдам жете алмайды.

«Сондықтан туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар кешенін ұсынамыз. Атап айтқанда, стационарлық және бақылау-құтқару бекеттерін салу, бірыңғай ақпараттық хабарландыру желісін ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ арнайы мобильді қосымша әзірлеп, саяхатқа шыққандардың геолокациялық деректерін ТЖМ аумақтық бөлімшелеріне беру керек», - деді А. Штыкель.


Соңғы жаңалықтар