ШҚО-да Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 3 мыңнан астам шара өткізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 3 мыңнан астам шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік шараларды іске асыру бойынша Шығыс Қазақстанда кең көлемді жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта өңірлік штаб құрылып, оған облыс әкімі Даниал Ахметов басшылық етуде. Барлық шаралар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсетуге, әлеуметтік жобаларды іске асыруға, шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған. Осы уақытқа дейін өңір бойынша 3 мыңнан астам шара өткізілді. Оның ішінде 2 халықаралық, 66 республикалық, 363 облыстық деңгейде ұйымдастырылған», - деді ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов облыстық Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингінде.

Оның айтуынша, облыстың елді мекендерінде көрнекті безендіру аясында «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында 240 билборд орналастырылған. Өскемен қаласында «Жастар шығармашылығы - Қазақстанның инновациялық дамуы үшін» атты халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы өтті. Сондай-ақ Курчатов шаһарындағы Ұлттық ядролық орталықта АҚШ Қорғаныс министрлігінің мамандарымен ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырылды.

«Жыл көлемінде Қазақстан Халқы ассамблеясы негізінде этносаралық келісімді сақтау бойынша кешенді жұмыс жүргізілмек. Қазіргі уақытта Ассамблеяның «Біз біргеміз», «Қазақстан», «Қазақтану», «Халық экспедициясы», «Шаңырақ», «Бірлік», «Білім», «Мың бала», «Еңбек жолы», «30 қайырымды іс» сынды жобалары іске асырылып жатыр. Барлық шараларда жастар мен еріктілер ерекше белсенділік танытуда», - деді Азамат Мұхамедчинов.

Айта кетейік, 30 жыл ішінде Шығыс Қазақстанда 144 мектеп, 27 балабақша, 453 спорттық және 107 денсаулық сақтау нысандары салынған.


Соңғы жаңалықтар