ШҚО-да Тәуелсіздік күнінде бірқатар әлеуметтік нысан ашылды
2020 жылғы 17 желтоқсан 13:23

ШҚО-да Тәуелсіздік күнінде бірқатар әлеуметтік нысан ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күнінде бірқатар әлеуметтік нысан ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздік күні қарсаңында 11 әлеуметтік маңызы бар нысан ашылып, 744 отбасыға баспана берілді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов шығысқазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтады.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының және барша қазақстандықтардың ерен еңбегінің арқасында елімізде ауқымды реформалар табысты жүзеге асырылды», - деді ол.

Мереке кезінде Аягөз ауданында 120 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 60 пәтерлік екі үйде қоныс тойын тойлауда. Сондай-ақ ауданда тағы 20 көпбалалы отбасыға жеке үйдің кілті табыс етілді. Тарбағатай ауданының тұрғындары екі пәтерлік 11 үйге қоныстанды. Бесқарағай ауданындағы 10 отбасыға екі пәтерлік 5 үйдің кілті табысталды. Курчатов қаласында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 6 балаға пәтер берілді.

«Бұдан бөлек, Тәуелсіздік күніне орай Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында күрделі жөндеуден кейін Абай атындағы мектеп ашылды. Тарбағатай жастар ресурстық орталығының жанынан коворкинг орталығы жұмысын бастады. Катонқарағай ауданының Аққайнар ауылында ағымдағы жөндеуден кейін ауылдық клуб, сондай-ақ Өрел ауылында кітапхана ашылды», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Өскемен қаласында оқушылар арасында шайбалы хоккейден «Жұлдызша» қалалық турнирі өткізілді. Ал «Самал» саябағында, «Алтай» стадионында, Комсомол аралында және этнопаркте конькимен сырғанау үшін мұз алаңдары ашылған. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында онлайн форматта мерекелік концерттер өтті.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT