ШҚО-да тауда жарылыс жасалып, 4 мың текше метрге жуық қар түсірілді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тауда жарылыс жасалып, 3900 текше метр қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

«Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары «Өскемен-Алтай» тасжолының 58-66 шақырымында профилактикалық мақсатта қар көшкінін түсірді. Тау бөктерінде 2 жарылыс жасалып, нәтижесінде 3900 текше метр қар түсті», - делінген ақпаратта.

Облыс бойынша қыс мезгілінің басынан бері барлығы 244 060 текше метр қар түсірілген.

«Арнайы бақылаушы мамандар көшкін қаупі туралы болжам жасайды. Соның негізінде жолды жауып, жарылғыш заттардың көмегімен қарды уақтылы түсіреміз. Бұл оқыс жағдайлардың алдын алудағы өте тиімді әдіс», - дейді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.


Фото: ШҚО төтенше жағдайлар департаменті


Соңғы жаңалықтар