ШҚО-да тасқыннан кейін 200-ден астам адам үйлеріне оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында су тасқынынан кейін 200-ден астам адам үйлеріне оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«Аягөз ауданында комиссия тексеру барысында су тасқынынан зардап шеккен тағы 89 үйді анықтады. Қазіргі кезде барлық үйлердегі және аулалардағы су кетті. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдардың бір бөлігі мектеп-интернат базасындағы эвакуация бекетіне орналастырылды. Оларға ыстық тамақ жеткізіліп, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. 200-ден астам адам үйлеріне қайтты», - делінген хабарламада.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, жағдайды тәулік бойы бақылап отыр.

Дегенмен Шығыс Қазақстанда 7 үй әлі де болса су тасқынынан құтылар емес, соның бесеуі Өскеменде болса, тағы екі үй Күршімде.

Ұлан, Күршім, Зайсан және Үржар аудандарында автожолдар судан тазара бастады, ал «Күршім - Маралды»  күре жолының 39 км учаскесінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Күршім және Топтерек ауылдарында адамдарды уақытша көшіру жұмыстары жалғасуда. Құтқарушылар аталған ауылдарда бір тәулікте 70 адамды көшірген.

Тарбағатай және Шемонаиха аудандарында жағдай тұрақты.

«Алдағы екі күнде кейбір аудандар мен өзендерде судың жиналуының алдын алу мақсатында жару жұмыстары жүргізіледі. ШҚО ТЖД басшылығы су тасқыны қаупін мүмкіндігінше анық болжау мақсатында аудандарды аралап ұшып шығып жатыр», - дейді ведомство қызметкерлері.

Соңғы жаңалықтар