ШҚО-да тарихи-өлкетану музейінде селфи күні өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде селфи күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музейдегі селфи күні флешмобы халықаралық деңгейде жыл сайын 15 қаңтарда аталып өтеді. Шараның шарты қарапайым – келушілер өздеріне ұнаған экспонаттармен суретке түсіп, әлеуметтік желілерге жариялауы тиіс.

Риддер тарихи-өлкетану музейі де акциядан шет қалмай, келушілердің назарына музей қорындағы ең қызықты экспонаттарды ұсынды. Оның ішінде жауынгер қару-жарағы, Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімдері мен бас киімдері бар.

«Осы акцияны қолдауға шешім қабылдадық. Өйткені біз де, келушілер де бір-бірімізді сағынып қалдық. Шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуде. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда алдын ала аңдатпа жасадық», – дейді Риддер тарихи-өлкетану музейінің маманы Елена Путинцева.

Әйнектердің ар жағындағы экспонаттарды көзбен көріп тамашалағаннан гөрі, ең алғашқы телефонды құлағыңа төсеп, иығыңа нағыз солдат шинелін киіп көрген әлдеқайда әсерлі екені сөзсіз. Сонымен қатар музейге келушілер киіз үйге жайылған дастарханға жайғасып, жануарлар мен өсімдіктердің танымал түрлерінің экспозициясы қойылған табиғат залында суретке түсті.


Айта кетейік, келушілер өзімен бірге жеті танысын ертіп келіп, #Риддермузей хэштегі арқылы әлеуметтік желілерде фотосуретін жариялаған жағдайда, музейге тегін кіру абонементіне ие болады.


Соңғы жаңалықтар