ШҚО-да тағы өрт: Демалыс базасында 8 үй өртеніп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде бірнеше үйді қызыл жалын шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 11 мамыр күні сағат 16.48-де Жаңа Бұқтырма кентінде орналасқан демалыс базаларының бірінде шыққан өрт лезде 8 үйге, дәмхана шатыры мен моншаға жайылып кеткен.

- Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жаудың жалпы ауданы 409 шаршы метрді құрап отыр. Мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр. Зардап шеккен ешкім жоқ, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта сол жерде жеке құрамнан 48 адам, 6 автоцистерна, жергілікті атқарушы органның 5 өкілі жұмыс істеуде.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп , баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Шұғыл желі іске қосылды. Полиция қызметкерлері өртке қатысты күдіктіні ұстады.

11 мамыр, сағат 18.20-да өрт ауыздықталып, таралуы тоқтатылды. Үй иелеріне келген материалдық шығынды есептеу бойынша комиссия жұмысына кірісті.


Соңғы жаңалықтар