Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

ШҚО-да сыныптасы көзіне қалам тығып алған оқушыға Ресейде ота жасалмақ

2022 жылғы 31 мамыр 13:01

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мектеп оқушысының көзіне сыныптасының қалам тығып алғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі облыстық Білім басқармасына хабарласып, оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

Катонқарағай ауданы Шыңғыстай орта мектебіндегі 4-ші сынып оқушысы Еркеғали Нұрланның көзіне сыныптасы ойнап отырып абайсызда қаламның ұшын тығып алды. Екі бала арасында ешқандай жанжал болмаған. Бүгінгі таңда әкесі Серік Әкімбаев ұлын көршілес Ресей еліне апарып емдету үшін қаражат жинап жүр.

«Негізінен бұл оқиға былтыр болған. Алайда енді ғана халық назарына ілініп отыр. Көзіне зақым келген Еркеғалиға ел-жұрт көмек көрсетіп жатыр. Мектеп ұжымы да зардап шеккен оқушының отбасына қолдау танытуда. Оқыс оқиға болған кезде сабақ өткізіп жатқан ұстаз бірден баланы мектептегі дәрігерге апарды. Содан кейін бала Өскемен қаласындағы «Ана мен бала орталығына» жеткізілген. Кейіннен Алматы қаласында арнайы ем алды. Білім басқармасы, аудандық білім беру бөлімі тарапынан зардап шеккен балаға материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе Еркеғали Нұрлан офтольмология орталығында тегін қаралып, ем алу үшін тез арада Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтына квота бөлінді», - деп түсіндірді Білім басқармасының тұлғаның рухани адамгершілік дамуы, тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бойынша бөлім басшысы Әсем Нүскенова.

ШҚО Білім саласындағы сапаны бақылау департаменті аталмыш жағдайға орай тексеру жүргізіп, мектеп басшылығы мен сабақ өткізіп жатқан ұстазға қатысты шешім шығарды. Аталмыш тұлғаларға сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Прокуратура тарапынан да тексеріс жүргізілген. Еркеғалиға зақым келтірген сыныптасы кәмелет жасына толмауына байланысты оған қатысты ешқандай жаза қолданылмады.

Зардап шеккен баланың әкесі Серік Әкімбаевпен хабарласып, Еркеғалидің қазіргі жағдайын сұрап білдік.

«Былтыр ойыннан от шығып осындай жағдай болды. Баламды Алматыға дейін апарып ота жасатып келдік. Оның көзіне зақым келтірген сыныптасының отбасы 300 мың теңгедей ақша берді. Ауданды дамыту қорынан 400 мың теңге ақша берілді. Бастауыш сынып мұғалімі болса өз атынан 300 мың теңге көмек көрсетті. Аудандағы ұстаздар мен мектеп директорлары шетте қалмай баланың еміне ақша жинасты. Соның арқасында баламызды дер кезінде емдетіп келдік. Қазір емді жалғастырып көршілес Ресей елінің Новосібір қаласына апару үшін қаржы жинап жатырмыз»,- дейді Серік Әкімбаев.

Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқан Еркеғалидің жағдайына бей-жай қарамаған жанашыр жандар бір тәуліктің ішінде 1 миллионнан астам қаражат жинап берген. Аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері де өз еріктерімен оқушының еміне тағы 700 мың теңге қаражат аударуға ниетті.


Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары