ШҚО-да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің жанынан кәсіпкерлік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті құрылған болатын.

Аталған комитет өкілдері өз құзыреттілігі шеңберінде белсенді жұмыс істеп жатыр.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында кәсіпкерлерге консультативтік-әдістемелік қолдау көрсету және көшпелі мониторинг рейдтері кезіндегі түйткілді мәселелерді анықтау аясында Шығыс Қазақстанның 9 қаласы мен ауданына іс-сапар жүргізілді.

«Туындаған түрлі мәселелерді тиімді және жедел шешу үшін біз бірлескен форматта жұмыс істейміз. Яғни заңгерлер, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар өкілдерін тартамыз. Комитет облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен, әділет департаментімен, «Даму» қорымен, екінші деңгейлі банктермен, қала және аудан әкімдіктерімен тығыз байланыста. Бұл көптеген мәселелерді жедел және жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік береді», - дейді кәсіпкерлік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің төрайымы Елена Березинская-Абилова.

Нақты және стратегиялық механизм аясында комитет бірқатар шараны іске асыруда. Көшпелі рейдтер барысында 30-дан астам шағын және орта бизнес субъектілері қамтылды.

Бұл наубайханалар, тігін цехтары, сауда үйлері, дәріханалар, жол бойында қызмет көрсететін мекемелер, дүкендер, шығармашылық шеберханалар.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, өндірістік процестерді әртараптандыру, жеке бренд құру және әлеуметтік желілерде өнім жарнамалау арқылы маркетингтік стратегияны әзірлеу, бизнес-жоспарларды дайындау бойынша кеңестер берілді.

«Тиімді диалог алаңы ретінде өзекті және проблемалық мәселелерді шешу үшін brainstormingi және коучинг сессиялары өткізіледі. Аталған кезеңде осындай 9 іс-шара өткізілді. Соның барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін қолданыстағы бюджет нормаларын және басқа да нормативтік құқықтық актілердің заңнамалық нормаларын сақтау ережелері түсіндірілді. Қоғамдық қабылдау шеңберінде тұрақты негізде айына екі рет қабылдау өткізіліп, кәсіпкерлерге консультативтік-әдістемелік қолдау көрсетілуде. 2022 жылдың 9 айында 70-тен астам кәсіпкерге көмек көрсетілді», - дейді Елена Березинская-Абилова.

Сондай-ақ комитет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында жобаларды қорғау жөніндегі комиссияның құрамына кіріп отыр.

Осы арқылы жобаларды қорғау рәсіміне үнемі қатысады.

2022 жылдың тамыз айында ол орталық мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарға мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі болды.

«Жыл басынан бері қоғамдық бақылау аясында Қ.Нұрғалиев атындағы колледжбен бірлесіп, Өскемен қаласының ірі бөлшек және көтерме сауда нүктелеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп жатыр. «Сити центр», «Дос Нар», «Титан», «АДК», «Даниэль», «Фреш маркет», «Колос», «Арзан» және тағы басқа сауда нысандары тексерілген. Мониторинг жүргізу кезінде тауар бағасының бекітілген үстемеақыдан асып кету фактілері анықталды. Сол кезде кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Комитет Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде қолға алуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы туралы ақпарат та толық көлемде беріледі», - дейді комитет төрайымы.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мәселелері үнемі белсенді талқылануда.

Комитет кәсіпкерлерге консультациялық, әдістемелік және басқа да қолдау көрсетуді ары қарай жалғастыра бермек.


Соңғы жаңалықтар