ШҚО-да су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар атқарылуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне дайындалу бойынша арнайы құрылған жұмыс топтары іске кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің өкімімен су тасқыны кезеңіне дайындық аясында арнайы жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, құтқарушылар, Ертіс бассейндік инспекциясы және басқа да органдардың мамандары кірді.

«Бүгінде олар Бородулиха, Абай, Катонқарағай аудандарына барып, қар шығару және су өткізу құбырлары мен каналдарды тазалау бойынша атқарылған жұмыстарды тексерді. Сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық құралдардың дайындалуы, халықпен түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, өзендерде жоспарланған жарылыс жұмыстарының орындарын бақылады», - делінген ақпаратта.

Жұмыс тобының мүшелері кәсіпкерлермен азық-түлік өнімдері және дәрі-дәрмектерді жеткізуге, эвакуацияланған тұрғындарды орналастыруға келіссөз жүргізді. Әкімдікте және ауылдық округтерде жауапты лауазымды тұлғалардың тәулік бойы кезекшілік ету кестесі бекітілді. Су тасқыны болған жағдайда халықты хабардар ету схемасы анықталды.

Жалпы, облыс бойынша каналдар мен арықтарды, су өткізу нысандары мен көпірлерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 222 мың текше метр қар шығарылып, 85 мың ыдыс-қаптар, 6 мың тонна инертті материалдар дайындалды.


Соңғы жаңалықтар