ШҚО-да су тасқынының алдын алу үшін арнайы комиссия құрылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арнайы құрылған комиссия жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрт топтан тұратын комиссияға ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері кіреді.

Бүгінде су басу қаупі бар барлық учаскелер жіті тексерілуде.

«Су тасқынына қарсы шаралар жоспарын» және «Су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша шаралар кешені» жол картасын жүзеге асыруға сәйкес көзделген барлық міндеттер егжей-тегжейлі орындалады. Облыс аудандарында су тасқынын болдырмас үшін жағалауды бекіту және бөгеттердің түбін тереңдету сынды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар комиссия тасқын кезінде азаматтарды уақытша орналастыру орындарының дайындығын, инертті материалдар қоры мен техниканың жағдайын да қадағалайды» делінген хабарламада.

«Казгидромет» РМК филиалының ақпараты бойынша Шығыс Қазақстандағы қар жамылғысының биіктігі 7-ден 56 см-ге дейін жетеді.

Өңірдегі синоптиктердің болжамына сәйкес, өзендердің тасуы әдетте наурыздың екінші онкүндігінен бастап маусымға дейін жалғасуы мүмкін.

«Су деңгейінің көтерілу қарқыны және қардың еруі – ауа температурасының күрт жылуына немесе жауынның жиі жаууына тікелей байланысты. Алдағы уақытта ШҚО әкімдігінде төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өткізілмек. Онда тасқынға қарсы тұру бойынша барлық негізгі мәселелер қарастырылады» делінген ведомство мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар