ШҚО-да су тасқыны қаупі бар учаскелерге тікұшақпен барлау жүргізілді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерге тікұшақпен барлау жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың төрағалығымен су тасқыны қаупі бар учаскелерге «МИ-8» тікұшағымен барлау жүргізілді. Соның барысында Риддер қаласы, Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Самар, Ұлан аудандарындағы өзен арналары, таулы және жазық жерлер, гидротехникалық құрылыстар тексерілді.

«Алтай ауданындағы Бұқтырма өзенінің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде мұзды ұсақтау үшін жарылыс жұмыстарын жүргізу барысы тексерілді. Жазық жерлерде, Күршім ауданында қар 60-70%-ға, Самар және Ұлан аудандарында 20-40%-ға еріген. Қалған аумақтарда да қар тез ери бастады. Өңір бойынша су тасқыны қаупі жоғары жерлер үнемі бақылауда», - дейді Ержан Нұрбаев.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқановтың айтуынша, зерттелген аумақтарда өзендердің арналарынан асуы байқалған жоқ. Бұқтырма, Үлбі өзендерінің арналары мен су қоймаларының беттерінде әлі мұз қатып тұр.

«Қалжыр өзенінің арнасы мұздан енді ғана ашыла бастады. Тексерілген гидротехникалық құрылыстарда жағдай тұрақты. Суға толу көрсеткіші – 30-60% құрайды. Облыстың барлық таулы аумағында қар жамылғысы сақталуда», - дейді ол.

Аймақта су тасқыны жағдайы қиындап кетсе жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің күштері жылдам әрекет етуге әзір. Барлығы 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа дайын тұр. Сондай-ақ қажет болған жағдайда ҚР ТЖМ № 68303 әскери бөлімінің күштері мен құралдары тартылады.

Соңғы жаңалықтар