ШҚО-да соңғы үш жылда 65 полицей жемқорлықпен ұсталған

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2019-2022 жылдар аралығында құқық қорғау органының 65 қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев полиция қызметкерлерімен өткен кездесу барысында айтты.

«Бүгінгі таңда елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеуінің оң тенденциясына қарамастан, құқық қорғау органдары - жемқорлық тәуекелдеріне ең бейім салалардың бірі болып қалып отыр. 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шығыс Қазақстан бойынша аталған органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты 65 сыбайлас жемқорлық фактісін тіркеді. Бүгінгі таңда 22 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деді ол.

Талдау көрсеткендей, қылмыстардың басым бөлігін әкімшілік полиция, жедел-тергеу және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері жасайды.

Негізінен жемқорлық фактілері қылмыстық істі заңсыз қысқарту, әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін пара алумен байланысты болып отыр.

Сондай-ақ жиында Архат Бейсембаев жемқорлықтың алдын алу мақсатында агенттік пен Ішкі істер министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалғанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен әкіміне 159 мың теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар