ШҚО-да соңғы үш күнде 86 рет шөп өртенді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында соңғы үш күнде 86 рет шөп өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 23-26 сәуір аралығында 86 рет шөп өртенді. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 182,7 гектарды құраған. Көп жағдайда жалынның шығуына тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы себеп болды.

«Өртті бастапқы кезеңде бақылау үшін ТЖД құтқарушылары космомониторингті пайдалануда. «Geosat» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде термонүктелер бойынша деректерді уақтылы алуға мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен құтқарушылар өрттің таралуын дер кезінде анықтап, алдын алуда. 2021 жылдың 11 сәуірінен бастап 46 термиялық нүкте тіркелген. Оны департаменттің өрт сөндіру бөлімшелері жедел пысықтап, өрттің одан әрі таралуына жол бермеді», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, заманауи мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен Шығыс Қазақстан және басқа да облыстар аумағында тәулік бойы үздіксіз 1 млн шаршы шақырымнан астам қашықтықта ғарыш түсірілімі деректерін жедел қабылдау және сақтау жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар