ШҚО-да шошқа фермасын жабуға қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар наразылығын туғызған шошқа фермасын жабуға қатысты сот үкімін апелляциялық инстанция өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы Степное, Шмелев Лог ауылдары халқының наразылығын туғызған шошқа фермасына қатысты тексеру былтыр жүргізілген болатын. Тұрғындар шошқа фермасы мен мал сою алаңынан шыққан қалдықтардың адам денсаулығына және табиғи ортаға келтіретін зияны туралы айтқан. ШҚО Экология департаменті тексеру барысында талай заңбұзушылықты анықтады.

Белгілі болғандай, «Родничок» шаруа қожалығына тиесілі шошқа фермасы жұмыс істеуге қажетті экологиялық рұқсат қағаздарын рәсімдемеген. Шошқа қалдықтары ашық жерге тасталып, салдарынан топырақ жамылғысы ластанды. Соған орай құзырлы департамент ферма иесіне айыппұл салып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді. Алайда одан еш нәтиже шыққан жоқ. Осыдан соң іс ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Сот шошқа фермасын жабу туралы шешім шығарған.

Алайда ферма иесі үкіммен келіспей, апелляциялық сотқа жүгінді. Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 8 ақпан күні жарияланған үкімімен бұл шешім өзгеріссіз қалып отыр.

«Экология департаменті былтыр тексеру қорытындысы бойынша шаруа қожалығына жалпы сомасы 1 072 048 мың теңге айыппұл салып, заңбұзушылықтарды жоюға уақыт берген. Бірақ жеке кәсіпкер ұйғарымды орындаудан бас тартты. Содан кейін департамент «Родничок» шаруа қожалығының қызметін тоқтату туралы сотқа талап арыз жолдады. Экономикалық сот бұл талапты толықтай қанағаттандырды. Апелляциялық сот қоршаған ортаға келтірілген орны толмас зиянды және жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды», - деп хабарлады ШҚО Экология департаментінің баспасөз қызметінен.

Фото:pig-consultants.com


Соңғы жаңалықтар