ШҚО-да шомылуға болатын жағажайлар саны артты

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шомылуға болатын жағажайлар саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шомылу маусымы қарсаңында өңір құтқарушылары су айдындарының жағажайларын тексеріп шықты.

Тексеру барысында судағы жүзуге рұқсат етілген аймақ шекарасының белгіленуі, судың максималды тереңдігін көрсететін белгілердің орнатылуына мән берілді.

Сонымен қатар суға батқан адамға көмек көрсетуге қажетті заттар бар арнайы медициналық және құтқару бекеттерінің бар-жоғы тексерілді.


«Демалыс орындарының иелері «Су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру» ережелерін қатаң сақтауы керек. Балаларға шомылуға арнайы бөлінген учаскелер болуы тиіс. Тексеру қорытындысы бойынша облыс аумағында 5 коммуналдық жағажайда шомылуға рұқсат етілді. Оның екеуі Алтай ауданында, екеуі Өскеменде, біреуі Ұлан ауданында. Осы жағажайларда тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген. Яғни, аумағы тазартылып, су айдындарының түбі тексеріліп, кезекшілік атқаратын ерікті құтқарушылар оқытылды. Медперсоналға арналған бекеттер де жасақталған. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауданында және Риддер қаласында да жағажайлар ашылады деп жоспарлануда», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.


ШҚО әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша өңірде шомылуға арналған 21 учаске белгіленген.

Бұған дейін 14 учаске еді. Ал 74 учаскеде суға түсуге тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар