ШҚО-да шектеу шараларын бұзудың 17 фактісі тіркелді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеулерін сақтамайтындар әлі де анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде арнайы құрылған мониторингтік топтар карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көліктерде, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейд жүргізуде.

«27 мамыр күні Өскемен қаласында 162 объекті тексерілді. Облыстың Бас санитарлық дәрігері белгілеген шектеу шараларын бұзудың 6 фактісі тіркелді. Сондай-ақ бұрын анықталған маска режимін бұзу фактісіне орай жалпы сомасы 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», - делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Семейде 298 объектіге тексеру жүргізіліп, 12 бұзушылық тіркелді. 131 265 теңге көлемінде үш хаттама толтырылып, 43 755 теңге мөлшерінде бір айыппұл өндірілді. Бұдан бөлек, маска режимін сақтамаған Шемонаиха ауданының тұрғынына айыппұл салынды.

Сонымен қатар Алтай, Риддер, Курчатов қалалары мен Ұлан, Зайсан, Глубокое, Бородулиха, Бесқарағай, Абай, Аягөз аудандарында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын бақылау мақсатында рейдтер жүргізілген. Тексеру барысында ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ.


Соңғы жаңалықтар