ШҚО-да шектеу шаралары 25 қарашаға дейін ұзартылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Г. Тағаеваның «Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары арасында COVID-19 инфекциясының алдын алу бойынша шектеу шараларын күшейту туралы» жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаулыда жазылғандай, өңір бойынша карантин 25 қарашаға дейін ұзартылды. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

«Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларының және аудандардың периметрі бойынша шектеу шараларының қолданылу шекаралары сақталды. Өскемен мен Семей қалаларында 40 учаскелік полиция пункті қоғамдық тәртіпті бақылайды. Тұрғындарға жалға алынған үйлер мен ғимараттарда корпоративтік, салтанатты, отбасылық және басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізуге болмайды. 65 жастан асқан адамдарға және халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарына бірінші кезекте қажетті тауарларды, азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізумен айналысатын волонтерлердің жұмысы жалғасады», - делінген құжатта.

Ойын-сауық мекемелерінің жұмыс істеуіне (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, кинотеатрлар, букмекерлік кеңселер, фудкорттар) және облысішілік автобустардың қатынауына тыйым сақталған. Сондай-ақ аймақ шекарасындағы 15 санитарлық посттың жұмысы ары қарай жалғаса бермек.

«Әлеуметтік қашықтық пен маскалық режимді сақтаған кезде халықтың көшеде, саябақтарда, жағалауларда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, жеке немесе 3 адамнан аспайтын топпен жүрулеріне, сондай-ақ ашық ауада жеке және топтық (5 адамнан аспайтын мөлшерде) жаттығу жасауға рұқсат етілді. Қоғамдық тамақтану объектілері, фитнес-орталықтар сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ демалыс және мереке күндері жабық болады. Ал азық-түлік сатпайтын сауда орындарының, сұлулық салондарының, шаштараздардың, моншалар мен мәдениет объектілерінің жұмыс режимі дүйсенбіден-жұмаға дейін сағат 07.00-19.00 аралығында жалғасады», - деп жазылған жаңа қаулыда.


Соңғы жаңалықтар