ШҚО-да шекаралық аудандарды дамытуға 43 млрд теңге жұмсалды
2022 жылғы 26 қаңтар 14:41

ШҚО-да шекаралық аудандарды дамытуға 43 млрд теңге жұмсалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шекаралық аудандарды дамытуға 43 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, Қытаймен шекаралас орналасқан өңірдегі бес ауданды дамыту мақсатында арнайы бағдарлама іске асырылуда. Соның аясында 5 жыл ішінде 231,5 млрд теңге көлемінде инвестиция жұмылдыру жоспарланған. Өткен жылы жобаларды жүзеге асыруға 43,6 млрд теңге жұмсалды.

«Күршім ауданында агроөнеркәсіп кешеннің 35 жобасы бойынша несие беріліп, оған 374 ірі қара мен 221 жылқы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 57 техника алған. Марқакөл ауылындағы «Нұралы» шаруа қожалығының базасында сүт өңдеу цехы ашылып, «Саят» шаруа қожалығында сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталды», - делінген хабарламада.

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында сауда дүкені мен базар салынды. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 25 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақсуат ауылында сумен жабдықтау желілері салынды. Маңырақ, Ойшілік, Көкжыра ауылдарына көше жарығы орнатылған. Қызыл кесік, Маңырақ, Көкжыра, Ойшілік ауылдарының көшелері абаттандырылып, тротуар төселді.

«Зайсан ауданында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде ірі қара мал өсіру, нан-тоқаш өнімдерін жасау бойынша бизнес-жобалар іске асырылды. Үш сауда нысаны пайдалануға берілді. Аудан орталығында 60 пәтерлі тұрғын үй салынды. Оған барлық инженерлік коммуникациялар тартылған. Бес ауылда суды тазарту үшін блокты-модульді станциялар орнатылды. Айнабұлақ, Дайыр және Қарабұлақ ауылдарында көше жарығы жүргізілді. Сондай-ақ ауыл көшелерін жөндеу аяқталды», - делінген мәліметте.

Катонқарағай ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 78 техника сатып алған. Ауданда туризмді дамытуға баса назар аударылды. Мәселен, Өрел ауылында демалыс базалары, Берел ауылында дәмхана, Үлкен Нарын ауылында жанармай құю станциясы салынды.

Үржар ауданында Алакөлдің жағалауында медицина және полиция пунктері салынды. Үржар ауылында балалар ойын орталығын ұйымдастыру, Ақжар ауылында жартылай фабрикаттар өндіру үшін 12,5 млн теңгеге төрт грант берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша алты жоба, атап айтқанда, туризмді дамыту бойынша екі жоба, көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге арналған төрт жоба іске асырылды.



Jańalyqtar

MURAǴAT