ШҚО-да шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасы қалай іске асып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бағдарламасына кіретін Тарбағатай ауданы әкімінің есебін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Шығыс Қазақстан осындай бағдарлама қабылдаған еліміздегі жалғыз облыс. Оған өңірдегі бұрынғы аудан орталықтары да еніп отыр.

«Бағдарламаның іске асырылуына жауапты барлық басқарма басшыларына ескерту жасадым. Өйткені, олардың мамандары ауылдарды жиі араламайды. Мәселен, Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу, бордақылау алаңдарының жұмысы және элиталық мал басын көбейту мәселелерін шешу қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіп кешені бағдарламаларының орындалу барысын қадағалауы шарт», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, шекаралық аудандарды дамытуға селқос қарауға болмайды. Облыс әкімі аталған басқарма басшысына 10 күн ішінде Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай және басқа да аудандарда жобалардың іске асырылуы туралы есеп дайындауды тапсырды.

Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Смаиловтың мәліметінше, Ақсуат ауылында биыл су құбырының құрылысы аяқталып, Ақжар ауылында футбол алаңы салынады. Сондай-ақ үш ауылда энергия үнемдейтін шамдар орнатылып, жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар