ШҚО-да сел қаупі бар учаскелерге тікұшақпен барлау жүргізілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сел қаупі бар учаскелерге тікұшақпен барлау жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мамандары сел қаупі бар учаскелерге бақылау жүргізеді. Осы мақсатта олар үш мың метр биіктікке көтеріледі.

Үржар және Зайсан аудандарының аумағында орналасқан 18 мұздақты көлге, сондай-ақ Тарбағатай ауданындағы сел жағдайына тікұшақпен барлау жүргізілді. Белгілі болғандай, тауларда жиналған қар мөлшері қауіп төндірмейді.

«Бұдан бөлек, әрбір учаскеде батиметриялық жұмыстар қолға алынды. Бұл сел қаупінің егжей-тегжейін қадағалауға мүмкіндік береді. Ең қауіпті кезең – маусым айы. Жазға қарай мұздақты көлдердегі су деңгейі көтеріледі, серпіліс қаупі бар. Сондықтан біздің міндетіміз осы сәтті уақытында қадағалау», - деп түсіндірді ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкель.

Оның айтуынша, зерттеу барысында көшкін мен сел ағындарының іздері анықталған жоқ.


Соңғы жаңалықтар