ШҚО-да сәуір айында 23 өрт тіркелді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 23 өрт тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12 сәуірде өңірде өрт қаупі жоғары кезең басталған. Содан бері жалпы ауданы 503 гектарды құрайтын 23 өрт тіркелді. Бұдан бөлек, орманда 2 рет қызыл жалын шыққан.

«Өрттің алдын алу үшін 68 мобильді топ құрылды. Олар 38 мәрте рейд жүргізіп, соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзған 57 адам жауапқа тартылды», - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт-бақылау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Серік Амангелдин онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында.

Табиғи өрттерді ауыздықтау үшін жеке құрамнан 2211 адам, 452 техника сақадай сай әзір. Соңғы 4 жылда жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылықтарының өртке қарсы техникамен және жабдықтармен жасақталуы тиісті нормалардың 70 пайызына дейін жеткізілген. Бүгінгі таңда облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар есебінде тұрған 85 өрт сөндіру бекеті бар.

ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда облыстық бюджеттен орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.


Соңғы жаңалықтар