ШҚО-да сәуір айынан бері 2 мыңнан астам адамды кене шақты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сәуір айынан бері 2 мыңнан астам адамды кене шаққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сәуір айынан бері эндемиялық аумақтарда 2192 адамды кене шақты. Оның ішінде 30 пайызға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар.

«Кене шаққан тұрғындардың 93%-ы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алды. Ал қалғандары медициналық көмекке тым кеш жүгінуі, қарсы көрсетілімдерінің болуына байланысты алған жоқ. Олардың арасында өз еркімен бас тартқандар да болды», - делінген хабарламада.

Облыс аумағында биыл кене энцефалитіне шалдыққан 1 адам тіркеліп отыр. Өскемен қаласындағы науқас кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінбеген.

«Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті. Осы ретте, азаматтарға табиғат аясында жүргенде сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеміз. Кенелерден абай болыңыздар», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар