ШҚО-да салынатын май зауытының өнімдері шетелге экспортталмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа зауыт күн сайын 1000 тоннадан астам күнбағыс майын шығаратын болады.

Өнімдер Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия және Еуроодақ елдеріне экспортталатын болады.

«Зауыттың құрылысы 2019 жылдың наурыз айында басталған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның 5,8 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыруының арқасында май зауытына қысқа мерзімде қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Құрылыс толық аяқталып, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адам жұмысқа тартылмақ», - дейді «QAZAQ ASTYQ GROUP» ЖШС директорының орынбасары Алтынбек Нұратұлы.

Дайын өнімнің сапасын қамтамасыз ету үшін басқарушы лауазымдарға Украинадан тәжірибелі мамандар шақырылған.

Май зауытында шығарылатын дайын өнімнің 90%-дан астамы сыртқы нарыққа жіберіледі.

Қазіргі уақытта шет мемлекеттермен келісімшарт жасасу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ тазартылған май құю цехын пайдалануға беру жоспарланған.

Айта кетейік, күнбағыс майын экспорттауды «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС-ға «Қазақстан Даму Банкі» АҚ қаржыландырған.

Үш жыл мерзімге берілген несие көлемі 4,4 млрд теңгені құрап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде май зауыты салынып жатқаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар