ШҚО-да рұқсат етілмеген әдістерді қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі 75 тергеу басталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандарға рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша 75 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, прокурорлар қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандар құқықтарының сақталуын және сотқа дейінгі тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз етуде.

«Күн сайын кезекші прокурорлар қамаудағыларды аралайды, жеке қабылдайды. Дәрігерлер де олардың денсаулығын бақылауда. Бүгінде рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактілерін тексеру үшін сотқа дейінгі 75 тергеу басталды.

Объективтілік мақсатында оларды тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылып, процестік прокурорлар тағайындалды», - делінген ақпаратта.

Облыс прокуратурасында және Семей қаласының прокуратурасында ұсталғандардың туыстарын қабылдау күн сайын жүргізілуде. Осы уақыт ішінде 155 азамат қабылданды.

«Өскеменде және Семейде прокуратура басшылығымен кездесуде адвокаттар өздерінің қорғауындағы адамдарды қамауға алу бұлтартпау шарасын неғұрлым жеңілірек жазаға өзгерту туралы мәселе көтерді. Прокуратура өкілдері бұлтартпау шарасын өзгерту – тергеу шеңберінде ұсталғандардың жасалған қылмыстарға қатыстылығы дәрежесін және жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескеріп қаралатынын түсіндірді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар