ШҚО-да Ресейге балық экспорттау жоспарланып отыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «GrandFish» ЖШС-на барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы құрылған кәсіпорын алабалық өсірумен айналысуда. 2021 жылдан бастап ЖШС базасында инкубациялық цех іске қосылмақ.

«Қазір кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді. Келер жылы көктемде цех ашылуына байланысты 30 жұмыс орны құрылады. Жоба қуаттылығы – жылына 1200 тонна тауарлы балық өндіруге жетеді. Бұл көрсеткішке 2030 жылға қарай жетеміз деп отырмыз. Алабалықтан басқа да балық түрлерін өсіру жоспарда бар», - деді «GrandFish» ЖШС басшысы Александр Соболевский.

2019 жылы кәсіпорын ішкі нарыққа 34 тонна алабалық сатқан. Сондай-ақ Ресейге экспорттау да көзделіп отыр.

Министр Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Даниал Ахметов шаруашылық базасында балық жем зауытын салуға қолдау көрсетуге келісті.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сол себепті қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығын қолдау мақсатында Заңға бірқатар өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар