ШҚО-да рельстен шығып кеткен 18 вагонға қатысты тексеру аяқталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында рельстен шығып кеткен 18 вагонға қатысты тексеру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3 сәуір күні сағат 12.04-те Өскемен-Күмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып кеткен болатын. Оның алтауы Ертіс өзеніне құлады. Бес вагонда шлак, біреуінде руда тиелген. Аталған факті бойынша ШҚО Экология департаментінің мамандары тексеру жүргізді.

«Апат себептерін анықтау үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен комиссия құрылып, құрамына жоғары білікті мамандар енгізілген. Теміржол құрылыстарын комиссиялық тексеру кезінде техникалық күтіп-ұстауда ешқандай бұзушылық тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімі Ертіс өзенінің ластануына әкеп соққан теміржол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ведомство дерегінше, вагондардың апатқа ұшырауына және Ертіс өзенінің ластануына кінәлі тұлғалардың қандай жазаға тартылатыны тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның Семей бөлімшесі бір ай ішінде ремедиация бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туралы хабардар етілді. Ремедиация бағдарламасы дегеніміз – апаттың салдарын жою және экологиялық залалды өтеу.Осы бағдарлама шеңберінде суға батқан вагондар мен олардың жүгін көтеріп шығару, сондай-ақ планктон мен су биоресурстарының жай-күйіне мониторинг жүргізу мәселелері қаралатын болады», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар