ШҚО-да ПТР анықтамасы жоқ мыңға жуық жолаушы жолынан қалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ШҚО-да бір аптаның ішінде ПТР тест анықтамасы жоқ 891 адам пойыз бен ұшаққа жіберілмеген. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуасақ Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 2-8 қарашасы аралығында ПТР тест анықтамасы болмағандықтан пойыз және ұшақ арқылы 891 адам Шығыс Қазақстаннан шығып кете алмады. Тарқата айтқанда Қазақстанның басқа аймақтарына ПТР-тест анықтамасы болмағандықтан Шығыс Қазақстаннан 104 адам әуежайдан қайтарылды. Олар әуе кемесіне жіберілмеді. Ал ПТР тест анықтамасы бар 2960 әуе жолаушысы әуежайдан ұшып кетті. Сонымен қатар ПТР тест анықтамасы жоқ 787 адам пойызға кіргізілмеді. 3941 адам басқа аймақтарға пойыз арқылы кетті», - дейді Сәдуақас Байғабылов.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер сонымен қатар Шығыс Қазақстанмен бірге бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да басқа өңірлерге шығу үшін ПТР тест анықтамасын алып жүруі тиіс.

Еске сала кетсек Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірген болатын. Бұл туралы ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев ресми таратылған видеоүндеуде жария еткен.

Ал Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов 9 қарашадан бастап Шығыс Қазақстанмен бірге Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да ПТР тест анықтамасынсыз сыртқа шыға алмайтынын мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар