ШҚО-да пештегі ақау салдарынан ер адам мен екі баласы иіс тиіп уланды

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында иіс тиген ер адам мен екі баласы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданында жер үйде пештегі ақау салдарынан 3 адам иіс тиіп уланды.

25 жастағы үй иесі, оның 5 жасар қызы мен 3 жасар ұлы шұғыл түрде медициналық мекемеге жатқызылды. Үйге дереу жеткен құтқарушылар болған оқиғаның мән-жайын анықтады.

«2023 жылдың қаңтарында ТЖД мамандары алдын ала жүргізген профилактикалық рейд кезінде берген ұсыныстар мен нұсқаулықтарға қарамастан олар жарықтары бар пешті пайдаланған. Соның салдарынан оқыс жағдай болды. Департамент қызметкерлері көміртегі тотығымен улану жағдайларының алдын алу үшін жыл басынан бері 36 000-нан астам тұрғын үйді аралап шыққан. Күн сайын өңірде 68 000-ға жуық тұрғынға нұсқаулық өткізілді», - делінген ақпаратта.

Үйлерде жиі кездескен бұзушылықтар – мұржаны уақтылы тазаламау, пештерде жарықтардың болуы және желдетудің нашарлығы.


Соңғы жаңалықтар