ШҚО-да педагогтерді мерзімді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салынады
2022 жылғы 14 мамыр 07:18

ШҚО-да педагогтерді мерзімді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында педагогтерді газеттер мен журналдарға мәжбүрлеп жаздыруға тыйым салынады. Мұғалім қандай газет немесе журналға жазылуды өзі шешеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақтағы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсутованың айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңда ұстаздардың құқықтары, әлеуметтік кепілдіктер, шектеулер, міндеттері, сондай-ақ жауапкершілігі белгіленген. Биылғы сәуірде осы нормаларды іске асыру үшін Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығы қабылданды. Соған сәйкес білім беруді басқару органдарына және білім беру ұйымдарына педагогтерді лауазымдық нұсқаулықтарда көзделмеген жұмыс түрлеріне тартуға қатаң тыйым салынған.

«Мысалы, оқу жылы аяқталып, мектептерде жөндеу кезеңі жақындап келеді, оның барысында педагогтерді жөндеу жұмыстарына жиі тартады. Педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізбесінде көзделмеген есептілікті талап етуге, педагогтердің электрондық құжаттарды басып шығаруына жол берілмейді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан баспа басылымдарына жаздыру қажеттігі туралы «тапсырмалар« аудандық (қалалық) білім бөлімінің меңгерушілеріне, директорларға, меңгерушілерге түспеуге тиіс», - деп атап өтті Зейнеп Махсутова.

Jańalyqtar

MURAǴAT