ШҚО-да «Парасат жолы» орталығы ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Парасат жолы» орталығы ашылды.

Бұл орталық мәдениет, ғылым және қоғам қайраткерлері мен студенттердің диалог алаңына айналмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов жаңа жобаның ашылу салтанатымен құттықтады.

«Парасат жолы» орталығында студенттерге ақын-жазушылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жалпы зиялы қауыммен кездесулер ұйымдастырылады. Парасаттылық құндылықтары кеңінен насихатталып, қоғамда болып жатқан мәселелер талқыға түседі. «Парасат жолының» кітапханалардан басталуы заңды деп білеміз, себебі парасаттың қайнар көзі – кітапта. Біз үшін студенттердің болашағы маңызды. Елге белгілі, ісімен өнегелі ағаларымыз жастарға жол көрсетсе дейміз. Бұл студенттер мен ғалымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімді шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмысқа тарту үшін бірегей алаң болмақ, - деді ол.

Шара барысында университет ректоры мен ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысы Ерлан Жалмағамбет, «Саналы ұрпақ» клубының мүшесі Самат Нейля ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері көрме ұйымдастырды. Көрмеде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне қатысты көптеген кітаптар мен журналдар, жарияланған ақпараттық материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Заманауи үлгіде жабдықталған университет кітапханасы базасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға арналған электронды оқулықтар да жеткілікті.

Ерлан Жалмағамбет университет қорына облыстық департаменттен арнайы сыбайлас жемқорлықпен күрес материалдары мен басылымдарды алуға кеңес берді. Сонымен қатар ол университет ұжымының жемқорлықпен күрес белсенділігін атап өтті. Болашақта осындай жемқорлықтың алдын алуда бірлесіп жұмыс істеуге де шақырды.

«Бүгінгі ашылып жатқан орталықтың пайдасы зор болмақ. Университет студенттері өте белсенді. Оларға осы парасат жолымен алға жүріп, биік белестерді бағындыра берсін деймін», - деді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысы.

Шара соңында «Саналы ұрпақ» клубы мүшелері «Иммунитет лабораториясында» жасалған «Парасатты тұлға» формуласымен таныстырды. Студенттер химиялық қосылыстарға адалдық, ар-ұят, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сынды қасиеттер атауын бере отырып, парасатты адам формуласын ойлап тапты. Қара түс аққа айналған қосылыс, парасаттылық символы іспеттес.


Соңғы жаңалықтар