ШҚО-да өзін эстрада әншілерінің менеджері ретінде таныстырған алаяқ сотталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өзін отандық әншілердің менеджері ретінде таныстырып, көпшілікті автокөлік тігілген ұтыс ойынына қатысуға шақырған алаяқ сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адам 2020 жылдың жазында Алматы қаласында жүргенде оңай ақша табуға бел буған. Instagram желісіне тіркелген ол өзін эстрада әншілерінің менеджері ретінде таныстырады. Содан кейін желі пайдаланушыларын автокөлік пен 500 мың теңге ақша тігілген ұтыс ойынына қатысуға шақырған.

Парақшасына жазылғандар арасынан жеңімпаздарды, дәлірек айтқанда жәбірленушілерді іріктеп алып, оларға келесі мазмұндағы хабарлама жіберген: «Сәлеметсіз бе! Сіз біздің ұтыс ойынымыздың жеңімпазы атандыңыз! Сәттілік серік боп, бағыңыз жанды! Енді осы әншінің авторлық альбомын сатып алуыңыз керек, содан кейін өз ұтысыңызды ала аласыз». Бұдан соң «жеңімпаз» белгілі бір соманы алаяқтың «Kaspi Gold» картасына аударып, өзінің ұтысын күткен. Алайда ақшаға қол жеткізген жалған менеджер сол адамды бұғаттап, өз аккаунтын өшіріп тастаған», - делінген хабарламада.

Көп ұзамай алаяқ ұсталып, оның ісі сотқа жетті. Сот үкімімен айыпталушы үш жылға бас бостандығынан шектелді.

«Бұл істегеніме қатты өкінемін. Бірінші рет сотталып отырмын. Енді заңды бұзбаспын. Қылмыс жасаған кезде оның соңы осындай болады деп еш ойламадым. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеп жатырмын», - деді ер адам.


Соңғы жаңалықтар