ШҚО-да ойнап жүрген балаларды қар басып қалып, біреуі мерт болды

None
None
ШЕМОНАИХА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ойнап жүрген баланы қар басып, мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпарат бойынша, 2 ақпан күні Шемонаиха қаласында 4 бала өзен жағасында ойнап жүрген. Олардың екеуін қар басып қалды.

«Қыс бойы жиналған қардың төменгі жағы қуыстанып, бос кеңістік пайда болған. 2004 жылы туған баланы жанында жүрген балалардың өздері шығарып алған, өйткені оған қар құлағанымен толық басып қалмаған. Ал қар басқан екінші баланы таба алмаған балалар көмек шақырған. Оқиға туралы хабардар болысымен құтқарушылар бірден іске кіріскен. 2006 жылы туған баланы құтқарушылар да, жедел-құтқару отрядының кинологиялық қызметі де, полицейлер мен жергілікті тұрғындар да іздеген. Артынан баланы қар басқан аймақ қардан тазартылды»,-деп түсіндірді ШҚО ТЖД өкілдері.

Оқиға орнына ауданның төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы Құрмаш Даиров та келген еді. Ол бұл аймақта қардың өте тығыз екендігін, сондықтан қар жиналған жердің екінші шеті де құлауы мүмкіндігін айтты.

«Осы себепті қардан тазалау жұмыстары өте сақ жүргізілді. Соған қарамастан құтқарушылар қарды жылдам тазалауға тырысты. Қар тазалау барысында иісшіл иттер баланың жатқан жерін сезді. Алайда бұл уақытта өте кеш болатын. 3 метр қалыңдықтағы қардың арасынан баланың жансыз денесі табылды»,-деді ТЖ департаментінің өкілдері.

Құтқарушылар қалың қардың құлауы адам өміріне аса қауіпті екенін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар