ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тәуелсіздік жылдары жаттықтырушылар 2 мыңнан астам спорт шебері мен халықаралық дәрежедегі спортшыларды тәрбиелеп шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спорттың кейбір түрлерінде лайықты түрде алдыңғы қатарда болды. Бұл әсіресе боксқа қатысты. Олимпиада ойындарында боксшыларымыз ел қоржынына талай медаль әкелді. Басқа да спорт түрлерінде жұлдызы жанғандар жетерлік. Мұндай спортшылардың арасында шығысқазақстандықтар аз емес. Солардың бірі – жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру түрінен олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова.
«Спортшының ерен еңбегін мойындап, Елбасының бастамасымен Өскеменде Орталық Азияда теңдесі жоқ Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі салынды. Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары 450-ден астам жаңа спорттық нысан ашылған. Оның ішінде 17 дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешені, бес теннис корты, екі ипподром, үш хоккей модулі, үш бассейн, екі тау шаңғысы кешені, 37 күрес залы, 139 шағын футбол алаңы, 137 хоккей қорабы, 102 стрит-воркаут спорт алаңы бар. Сонымен қатар Өскеменде «Жекпе-жек« сарайы, орталық жабық жүзу бассейні, Семейде көпфункционалды мәдени-спорт кешені, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салынған», - делінген ақпаратта.
Қазақстандағы тағы бір перспективті спорт түрі – волейбол. 1991 жылдан бастап қазақстандық классикалық және жағажай волейболының спортшылары халықаралық аренада тұрақты түрде жүлделі орындарды иеленуде.
«Классикалық волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы бірнеше рет Азия және Азия ойындарының, Азия Кубогының жүлдегері болып, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына қатысты. Қазақстан намысын әлемдік аренада еліміздің бес дүркін чемпионы – «Алтай« ШҚО әйелдер волейбол командасы лайықты қорғап келеді. Биыл волейболшылар алғаш рет Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Енді клубтың алдында 2024 жылғы Олимпиада ойындарында өзін көрсетіп, әлемдегі ең мықты үш клубтың қатарына кіру міндеті тұр», - делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстанда 30 жылдың ішінде 11,5 мың спорт секциясы құрылып, онда 500 мыңға жуық адам шұғылданады. Өңірде спорттың 94 түрі бойынша спортшылар жаттығады. Оның ішінде 37 олимпиадалық, 16 паралимпиадалық, 12 ұлттық және үш техникалық спорт түрі бар. Тәуелсіздік жылдарында 600-ден астам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1,6 мыңнан астам спорт шебері, 6,5 мыңға жуық спорт шеберіне кандидат даярланды.