ШҚО-да өткен Наурыз мерекесінде балаларға тосынсый жасалды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Наурызды жаңаша тойлаған ерекше кеш өтті. Сыйлық толы дорбасы бар Қыдыр ата балаларды бір қуантып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыдыр дарыған кеш

Бұл өзі балаларға Қыдыр дарыған күн болды. «Каролина» мейрамханасына екі-үштен бала жетектеген ұлттық киімдегі жас отбасылар ағылып жатты. Мақсаттары - Ұлыстың ұлы күнінде Қыдыр атаның қолымен балаларға сый жасау. Сол арқылы Наурыз мерекесін жеткіншектердің ең сүйікті, сағына күтетін мейрамына айналдыру, жаңа жылды Аяз ата ертіп келеді деген түсініктен арылтып, төл мерекемізді төрге оздыру.

Тойға көбіне ата-әжесімен барып, мейрамхана дастарханынан тиіп-қашып дәм татып үйренген бөбектер мұндай құрметті күтпесе керек. Өздеріне бөлек жайылған мол дастарханнан тосырқап, әке-шешесіне қарайлаңқырап жүрді алғашында. Бұл кештің басты мейманы өздері екенін көп өтпей періште көңілдер түсіне қойды бірақ. Дәл бүгін оларға бәрі жарасымды еді. Даңғаза музыка мен асабаның саңқылдаған үнінен зәрезап болған мейрамхана қабырғалары да баланың шат күлкісі мен риясыз шаттығынан сергіп жатқандай сезілді.

Шараның басты сыйы Қыдыр ата болды. Жыл сайын алаңдағы концертте алыстан ғана көріп, батасына қол жаюмен шектеліп жүрген ересектеу балалар есік алдында Қыдыр ата келіп тұр деген сөзге алғашында сеніңкіремеді білем. Ал жасы кіші бөбектер бар даусымен айғайлап, «Қыдыр атаға» басқан бұл кезде. Аса таяғы қолында, ақ дорбасы арқасында, басына сәлде ораған еңселі қарт зор даусымен дүниені сілкіндіріп ортаға озды. Қыдырдың бейнесі шынайы шыққаны соншалық, ересектеу ер балалар «ассалаулап» қолдарын ала жүгірді. Ондай балаларға Қыдыр қарт та разы болып, Аяз атаның аузынан шыға бермейтін «айналайын» деген сөзді қайталаумен болды.
null null

Әке тәлімі және «Әке үкімі»

Баланың көңілін қабағынан ұғатын Қыдыр қарт таңдайы тесілгенше тақпақтап, бөбектердің тағатын тауыспай-ақ бірден іске кірісті. Шарты біреу. Өнер көрсет те, сыйлық ал. Бала талабынан бұрын ата-ананың тәлімі сынға түсер шақ бұл. Балабақша репертуары түгесілген шақта ересектері ерен қылық көрсетті. Бірі Абайдың «Заманақыр жастарын» толғаса, енді бірі Мұхтар Шахановтың «Әке үкімін» бастан-аяқ төкті. Махамбеттің басын жұтқан тоңмойын баласын оққа байлаған әке үкімі қатал әрі әділ еді. Бар-жоғы үшінші сыныпта оқитын баланың Наурызға осынша дайындалғанын көріп, Қыдыр атасы да қатты риза болды. Сөйтсек, бала Мұхтардың әкесі әдебиет пәнінің ұстазы, ақын Мұратхан Месейханұлы екен. Әке көрген ұл өлеңнен оқ жонып жүр. Өнерден қаражаяу дегендер жаңылтпаш пен мақал-мәтел айтып, жұмбақ шешіп жарысты.
null null

null null

Бойы арба доңғалағынан аспайтын қалың баланың екі топқа бөлініп арқан тартысуы да қызыққа толы өтті. Намысқа шапқан бөбектер «жығылған күреске тоймайдының» кебіне түсіп, қайта-қайта айқасқа түсіп жатты. Жүлде алған сайын жігерленіп, екіленеді бір-бір үйдің еркелері. Сыйлықсыз қалған бала болмады қысқасы. Аңыздар әлемінен қол бұлғап қана жүретін Қыдырдан сыйлық алу қаншама қуаныш сыйлағаны бөбектердің жүзінде жазулы тұрды. Соңында бәрі жиылып, осы сәтті мәңгілікке мөрлеген. Қалың бөбектің ортасындағы Қыдыр атадан көз жазып қалған бір баланың «Қыдыр ата неге бізбен суретке түспейді» деп іздеуі кештің түйініндей болды.
null

Үстел үстіндегі уәде

Осындай ойлы дүниенің басында жас кәсіпкер Ернар Аманұлы тұр. Қыдыр атаға демеушілік жасап, дорбасын сыйлыққа толтырып берген осы азамат. Ал идея авторы - әріптесіміз Мұратхан Кенжеханұлы.

- Қаңтардың алғашқы күндері болатын. Мерекелік демалыстардың бірінде басымыз түйісіп, әңгіме арасында наурызды заманға сай тойлау жайын талқыладық. Сол кезде Мұратхан Кенжеханұлының айтқан ұсынысы еді. Биыл алғаш рет өтіп отырғандықтан, түрлі кедергілер болды. Ешбір дүкенде қыстағыдай жаңажылдық дайын дорбалар жоқ екен. Ұлттық нақыштағы ойыншық табу да оңай емес. Бар болғанымен оны кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Осы жағын ескеру керек сияқты бәрімізге. Балалардың да, ата-аналардың да қуанып жүргенін көріп тұрсыз. Бұл істі дәстүрге айналдырамыз, - дейді кәсіпкер.

Осы істің басы-қасында жүрген әріптесіміз де бұл ойды құптап отыр.

- Келер жылы бұдан да көп отбасын қамтысақ деген ойымыз бар. Осы жиында ақылдастар алқасы құрылды. Наурыз мерекесінің алдындағы жексенбі сайын осылай бас қосатын боламыз. Кеште тек балалар ғана өнер көрсететін болады. Сыйлықтарды әр баланың әуестігіне қарай түрлендірмекпіз, - дейді Мұратхан Кенжеханұлы.

Үш ай бұрын үстел басында айтылған әңгіме осылайша игі бастамаға ұласқан. Дәл осындай ұсынысты күні кеше ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да көгілдір экран арқылы бүкіл қазақ еліне айтыпты. Шығыстың бастамашыл жігіттері ол кезде мейрам қамымен шапқылап жүрген болатын.

Көшпелі бабамыздан көнермей жеткен Наурыз мерекесі өміршең екеніне тағы бір көз жеткіздіқ. Мәдениеттанушылар сақ бабамыздың күн мен түн теңелген уақта ақ түйенің қарнын жарып, құрбан шалғанын айтып жүр. Ол рәсімнің қазір өзі дербес діни мейрамға айналғанын да көріп жүрміз. Демек, Наурыз уақытпен бірге түрленіп дами бермек. Жарықтың түнекті, жылымықтың ызғарды, көктемнің қысты жеңетіні сияқты Наурыз да өзінің тиесілі орнын иемденеді әлі.
null null

null

Соңғы жаңалықтар