ШҚО-да осы айдың басынан бері 150 дала өрті сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сәуір айының басынан бері 150 дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сәуір айында басталған өрт қаупі жоғары кезең 180 күнге созылады.

«Осы кезеңде орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатындағы іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірлескен рейд жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды. «Geosat» ЖШС-мен термонүктелер бойынша ғарыштан мониторинг жүргізу үшін тиісті шарт жасалды. Бүгінгі таңда осындай бақылаудың көмегімен құтқарушылар өрттің таралуын уақтылы тежеп үлгерді», - делінген ақпаратта.

Осы ай басталғалы бері аймақ бойынша 150-ге жуық дала өрті шыққан. ТЖД қызметкерлері күн сайын 30 ретке дейін қызыл жалынды сөндіруге шығады.

«Саяжайлардағы өрттің көпшілігі көктем кезінде болады. Үй иелері өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзып жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 336-бабына сәйкес осы талаптарды сақтамаған адамға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Өміржанов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да өрттің алдын алу үшін құтқарушылардың дрон арқылы бақылау жасап жатқанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар