ШҚО-да өрттің таралуы тоқтатылды, материалдық шығын анықталу үстінде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Риддер орман шаруашылығынан тұтанған өрттің таралуы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше Риддер орман шаруашылығы аумағында шыққан тілсіз жау бүгін сағат 18.20-да оқшауландырылды. Қызыл жалын шарпыған жалпы аумақ 287,4 гектарды құрады.

«Өрттің салдарынан 1 адам көз жұмып, 31 үй қирап, 5 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кетті. Өртенген үйлерде 72 адам тұрған, оның ішінде 11 бала бар. 13 азамат қазір «Қазмырыш« ЖШС жатақханасына, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылды. Тілсіз жауды сөндіруге жеке құрамнан 493 адам, 69 техника, 2 тікұшақ жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.


Қазіргі уақытта Риддер қаласы аумағындағы тұрғын үйлерде өрт толығымен ауыздықталды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәліметінше, материалдық шығынды анықтау мақсатында зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөніндегі әкімдік комиссиясы құрылды.

«ШҚО Полиция департаментінің күшімен тонау фактілерінің жолын кесу мақсатында өрт болған жерде тұрғын үйлерде кезекшілік ұйымдастырылды.​

ШҚО ТЖД Дағдарыс орталығында және өрт болған жерде штабтар ашылып, 8(7232) 55-38-19 нөмірі бойынша зардап шеккендер үшін жедел байланыс желісі жұмысын жалғастыруда. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының психологтары мен дәрігерлері өрт кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді.

​Халыққа көмек көрсету мәселесі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тұрақты бақылауында», - деді Т.Уәли.


Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп , баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Шұғыл желі іске қосылды. Полиция қызметкерлері өртке қатысты күдіктіні ұстады.



Соңғы жаңалықтар