ШҚО-да өртенген үйден 2 адам құтқарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары бір күн ішінде 6 өртті сөндіріп, 2 адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 қаңтарда сағат 00:47-де Алтай ауданы Октябрьский кентіндегі жер үйде жиһаз өртенген. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер көк түтін тұмшалаған үйден 42 жастағы ер адам мен 48 жастағы әйелді алып шықты.

Көп ұзамай жалпы ауданы 4 шаршы метрді құраған қызыл жалын толықтай ауыздықталды. Алдын ала мәлімет бойынша – өрттің шығуына пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.

«Ұлан ауданы Сағыр ауылында жеке тұрғын үйдің шатыры, терезе мен есік блоктары және жиһаз отқа оранды. Құтқарушылар үй ішінен 2 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Содан соң 100 шаршы метр алаңға жайылған тілсіз жау өшірілді», - делінген ақпаратта.

​Алтай ауданы Зубовск кентінде жер үйде еден, қабырғалардың ағаш конструкциялары жанған. Өрттің шығу себебі - отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін. Сондай-ақ 27 қаңтарда құтқарушылар Глубокое, Шемонаиха және Ұлан аудандарында жеке тұрғын үйлерде шыққан жалынды ауыздықтады.


Соңғы жаңалықтар