ШҚО-да өрт сөндірушілер отқа оранған үйден 3 газ баллонын шығарып үлгерді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының өрт сөндірушілері қызыл жалын шарпыған үйден 3 газ баллонын шығарып үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданы Прогресс ауылындағы Чапаев көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде таңғы сағат 03.00 шамасында өрт шыққан. Үй иесі бірден құтқарушыларға қоңырау шалды.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде үйдің шатырын, қабырғасын, есік пен терезені, жиһазды, тұрмыстық техниканы шарпыған тілсіз жау үй маңайындағы шаруашылық қора-жайларға да жайыла бастаған. Өртті ауыздықтау барысында үйде және гаражда газ баллондары бар екендігі белгілі болды. Сол кезде қарауыл бастығы Елнар Кәрімов, бөлімше командирі Евгений Лантух және бөлім бастығы Андрей Боровиков жылдам қимылдап, газ баллондарын сыртқа шығарды», - делінген хабарламада.

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 160 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды өшірді. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар