ШҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 230-дан астам адам анықталды
2021 жылғы 23 мамыр 20:26

ШҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 230-дан астам адам анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 230-дан астам адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 31 орман өрті тіркелді. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 310,83 гектарды құраған. Бұдан бөлек, облыста 1734 гектар аумақта 79 дала өрті шыққан.

«Осыған орай өрт сөндірушілер, орманшылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған 69 мобильді топ рейдтерге шығып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 230 адам ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.


Көп жағдайда өрттің шығуына тұрғындардың отпен абайсыз әрекет етуі себеп болып жатады. Сондықтан от жаққан кезде сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT