ШҚО-да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 1,5 мың үй анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 1 569 үй анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері құтқарушылар 6 мыңнан астам ауланы аралап, тексеру жүргізді.

Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 1 569 үй анықталды. Әрбір үй иесіне пешті және электр құралдарын пайдалану талаптары бойынша нұсқаулық өткізілді.

«Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында үйлерді аралау көп адамды қамтуға және оларға қауіпсіздік шараларын жіті түсіндіруге мүмкіндік береді. Рейдтерден бөлек, құтқарушылар әлеуметтік тұрғыда осал отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын дабыл орнатты. Бүгінде үйлерге осындай 1 500-ден астам сенсор қойылған», - деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин.

Айта кетейік, 2022 жылдың басынан бастап өңір бойынша 54 өрт шыққан.


Соңғы жаңалықтар