ШҚО-да орман өртін сөндірушілер қандай қиындықтарға тап болғанын айтты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы өрт сөндірушілер «Семей орманы» резерватындағы қызыл жалынды өшіруде қандай қиындықтар болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 сәуір күні Бесқарағай ауданы аумағындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Бірден сол жерге Байдаулетов орман шаруашылығынан 34 адам, 6 автоцистерна және 2 трактор жіберілді.

Сондай-ақ, жалын шарпыған аумақ МИ-2 тікұшағы арқылы бақыланып, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен авариялық-құтқару қызметінің күштері жұмылдырылған. Жалпы сол жерде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметінен - 93 адам және 23 техника, ТЖ комитетінен - Көкшетау гарнизонының 39 адамы мен МИ-26 тікұшағы тілсіз жаумен күресті.

«Қатты желдің салдарынан өрт қылқан жапырақты ағаштарға тез таралып кеткен. Ал мұндай ағаштар өте жылдам жанады. Жоғары температура мен қою түтінге байланысты кейбір ошақтарда тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соққан. Жеке құрам мен техникаға қауіп төнді. Бірақ біз барынша абайлап, сақтық шараларын қатаң сақтадық», - дейді өрт сөндіру жетекшісінің көмекшісі Анатолий Жуков.

Өрт 25 сәуір күні сағат 19-00-де өшірілді. Қызыл жалын шарпыған аумақ 3 948 гектарды құрайды. Өртті сөндіруге жұмылдырылған Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменттерінің мамандары мен техникалары тұрақты орналасқан жерлеріне оралған.

Естеріңізге сала кетсек, 23 сәуірде Шығыс Қазақстанда қарағайлы орманның өртеніп жатқандығы хабарланған. Келесі күні өртті сөндіру үшін Көкшетаудан МИ-26Т алып тікұшағы ұшып шыққан болатын.

24 сәуірде өрттің таралуы тоқтатылып, 25-і күні тілсіз жау толықтай ауыздықталған.


Соңғы жаңалықтар