ШҚО-да онкологиялық аурулардан өлім-жітім 15,3%-ға азайды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық аурулардан өлім-жітім 15,3%-ға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі қатерлі ісікпен күресудің бесжылдық кешенді жоспарының қорытындысы шығарылды.

2018 жылы «Қатерлі ісікке қарсы күрес» атты кешенді жоспар құрылып, сол бойынша жұмыс басталды. Шығыс Қазақстан облысы көп жылдар бойы қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында келеді.

Аймақта жыл сайын орта есеппен 2500 жаңа қатерлі ісік ауруы анықталады. ШҚО-да диспансерлік есепте 13,5 мың онкологиялық науқас бар.

«Өткен жылы облыс бойынша аурушаңдық деңгейі 100 мың халыққа шаққанда 350,4 құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 76%-ға жоғары. 2018 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 11,7%-ға өсті. Қатерлі ісік ауруларының көбеюі скринингтік бағдарламалар тиімділігінің артқанына және тұрғындарды профилактикалық тексеру сияқты факторларға байланысты болып отыр. Науқастар арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп», - дейді басқарма басшысы Гүлмира Сағидуллина.

Соңғы бес жылда өңір бойынша онкологиялық аурулардан өлім-жітім 15,3%-ға азайды. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне қатерлі ісіктерді ерте анықтау бойынша скринингтік шаралар, онкологиялық көмек көрсетудің біріктірілген моделін енгізу, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары ықпал етті.

Соңғы жаңалықтар