ШҚО-да өндірістегі жазатайым оқиғалардан 12 адам көз жұмды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өткен жыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалардан 12 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының ШҚО бойынша департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл өңір бойынша өндірісте 147 жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан 158 адам зардап шекті, оның 80-і ауыр жарақат алса, 12-сі көз жұмды.

«Шығыс Қазақстанда 38 мыңнан астам адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда өндірісте жарақат алу көрсеткіші 8,1 пайызға төмендеген. Өндірістегі жарақаттардың негізгі үлесі – тау-кен металлургиялық кәсіпорындарға тиесілі», – дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.

Оның айтуынша, департамент пен облыс әкімдігі бірлесіп, 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Аталған жоспар шеңберінде бірнеше жоба жүзеге асырылып, өндіріс орындарындағы бақылау күшейтіледі.


Соңғы жаңалықтар