ШҚО-да оқу жылы аяқталған соң 26 мектеп жөндеуден өтеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында оқу жылы аяқталған соң 26 мектеп жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Жыл сайын жазда оқу орындарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Биыл 3 мектеп күрделі, 23 мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта 1,1 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігерлер анықталуда.

«Үш мектептің шатыры, жылу және су құбырлары ауыстырылады. Жөндеу жұмыстары оқу жылы аяқталған соң бірден басталып, қыркүйекке дейін аяқталады», - дейді басқарма басшысының орынбасары Динара Шаухина.

Облыс бойынша барлығы 342 мектеп бар. 2025 жылға дейін Шығыс Қазақстанда 20-ға жуық жаңа мектеп салынбақ, оның тең жартысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.

Соңғы жаңалықтар