ШҚО-да оқшаулау режимін бұзған 16 адамға айыппұл салынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өзін өзі оқшаулау режимін бұзған 16 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқшаулану тәртібін елемеген 16 адамға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылған. Оның ішінде Семейден 4, Өскеменнен 2, Аягөзден 5, Күршімнен 2, Риддер қаласы мен Глубокое, Шемонаиха аудандарынан 1 адамнан анықталып отыр.

«Бүгінгі таңда өңір бойынша «Ashyq» жобасына 8128 нысан (ресми қатысушылар – 7665, сынақ режиміндегілер – 463) қатысуда. Соның нәтижесінде соңғы бір айда «қызыл» мәртебесі бар 1139 адам, «сары» мәртебедегі 1892 адам түрлі объектілерге кіргізілмеді», - делінген хабарламада.

Осы ретте, департамент мамандары үй карантиніндегі облыс тұрғындарын талапты сақтауға шақырады. Сондай-ақ науқаспен байланыста болған азаматтар басқаларға вирус жұқтырмас үшін оқшаулау режимін қатаң ұстануы тиіс.


Соңғы жаңалықтар