ШҚО-да мұқтаж отбасы балаларын киіндіруге 670 млн теңге бөлінді

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мұқтаж отбасынан шыққан оқушыларды мектеп формасымен және аяқ киіммен қамтуға 670 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 1 тамызда «Мектепке жол» акциясы басталды. Ол 30 қыркүйекке дейін жалғаспақ.

«Мұндағы басты мақсат – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық қолдау көрсету. Акция аясында облыстың әрбір тұрғыны балаларды мектепке дайындауға көмектесе алады. Қазіргі уақытта өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп қойған. Атап айтқанда, мектеп құралдары жеңілдетілген бағамен сатылатын арнайы жәрмеңкелер, жергілікті қайырымдылық акциялары, себепсіз сабаққа келмейтін оқушыларды анықтауға бағытталған рейдтер жоспарланып отыр», - дейді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Сонымен қатар балаларды театр мен мұражайларға тегін апару көзделіп отыр.

Акцияны өткізуге меценаттар, кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтар көмек көрсетеді деп жоспарланған.

«Жаңа оқу жылында 342 мектепте 95 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 21 мыңнан астам оқушыға қолдау көрсетілмек. Ол үшін облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мұқтаж отбасыдан шыққан балаларға мектеп формасы мен аяқ киім сатып алуға 670 млн теңге қарастырылған», - дейді Сайрангүл Жұмаділова.

Соңғы жаңалықтар